Қарағандыда өртенген бес қабатты үйден 26 адам құтқарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда өртенген бес қабатты үйден 26 адам құтқарылып, 10 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

30 сәуірде сағат 05:23-те қаладағы Ерубаев көшесі 48/1 үй мекен-жайында орналасқан бес қабатты үйдің кіреберісінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт орнына №10 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары аттанды. Бұған қоса аталған мекен-жайдан түскен көптеген қоңырауларға байланысты өрт орнына қосымша №13 өрт сөндіру бөлімінің күштері де жіберілген.

Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына сағат 05:28-де келіп жеткенде кіреберістің бірінен қою түтін шығып жатқан, өрт бірінші қабатта орналасқан пәтерде болған. Қатты түтіннің салдарынан жоғары қабаттарда орналасқан пәтер тұрғындарының өміріне қауіп төнді. Адамдар өз бетінше пәтерлерден шыға алмады. Құтқарушылар дереу тұрғындарды сыртқа шығаруға кірісті. Барлығы 26 адам, оның ішінде 12 бала құтқарылды.

Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 28 адамы мен алты техникасы жұмылдырылды. Тілсіз жау сағат 05:55-те ауыздықталды. Адамдардың жарақаттануына жол берілген жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі отты абайсыз қолдану болды (темекі шегу).