Қарағандыда Өзбекстан азаматшасы сексуалдық құлдықтан босатылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда адам саудасы, жеңгетайлық және басқа да ауыр қылмыс жасады деген күдікпен үш күдікті, соның ішінде Ресей азаматы тұтқындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қарағанды облыстық ІІД ҰҚКБ-ға белгісіз біреулердің Қарағандыдағы жалдамалы пәтерде Өзбекстан азаматшасын заңсыз бостандығынан айырып, жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлегені туралы хабарлама келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында ақпарат расталып, жәбірленуші пәтерден шығарылды», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, шетелдік жәбірленушіні бұрын Алматыда заңсыз ұстаған, кейін мәжбүрлі жыныстық қызмет көрсету мақсатында Қарағандыға алып келген.

«30 жастағы Шахтинск, 37 жастағы Қарағанды тұрғыны және 27 жастағы Ресей Федерациясының азаматы күдікті ретінде ұсталды. Осы деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің ең ауыр баптары бойынша 10 қылмыстық іс қозғалды: жыныстық қызмет көрсету мақсатында заңсыз бостандығынан айыру, адам саудасы, жеңгетайлық, тұрғын үйге қол сұғушылық және т.б.», - деп ақпарат берді Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Күдіктілер уақытша қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.