Қарағандыда полицейлер киберволонтерлер қозғалысын дамытып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының жастары мен тәртіп сақшылары интернет алаяқтықпен күресте күш біріктірді. Қылмыстың осы түрінің алдын алу мақсатында киберволонтерлер қозғалысын дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының ПД және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы өзара меморандум жасасты.

Құжатқа облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы Әбіл Әбілдин мен жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов қол қойды.

Аталмыш меморандумның мәні ІТ-қауіпсіздік жобаларын іске асыруға және облыста киберволонтерлер қозғалысын дамытуға бағытталған полиция мен жастар арасындағы әріптестік қатынастарды орнату және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

«Қазіргі уақытта интернеттегі алаяқтық - қылмыстың ең көп таралған түріне айналды. Жыл басынан бері біздің облыста осындай 903 құқық бұзушылық тіркелді. Ал өткен жылы – 428. Бұл құбылыспен заманауи әдіс-тәсілдермен күресу керек. Сондықтан біз сіздердің тараптан кез келген көмекті, идеяларды, ұсыныстарды қарастырамыз. Киберволонтерлер қозғалысы – серіктестіктің жаңа нысаны, белсенді азаматтық позицияның және біздің тұрғындардың әлеуметтік жауапкершілігінің мысалы. Және оған қатыса отырып, Қарағанды ЖОО студенттері – болашақ цифрлық және компьютерлік технологиялар мамандары – өз теориялық білімдерін іс жүзінде толық көлемде қолдана алады», - деп атап өтті Әбіл Әбілдин.

«Киберволонтерлерді дайындау - көп еңбекті талап ететін процесс. Қозғалысқа қатысуға дайын дарынды балалар бар. Біз полицейлерге интернет қылмыстарымен күресуге көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Біржан Әлімжанов.