Қарағандыда Ресейдің сақтандыру компаниясы атынан жалған құжаттар жасалған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда көліктің техникалық байқаудан өткені туралы Ресей компаниясы атынан жалған құжаттар сатылып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне қаладағы сақтандыру компанияларының бірінде техникалық байқаудан өткені туралы жалған құжаттар сатылатыны жөнінде ақпарат түскен.


«Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сақтандыру компанияларының бірінің 35 жастағы менеджері ұсталды.

Айғақ заттар, соның ішінде автокөліктердің техникалық байқаудан өткендігі туралы мөр басылған жалған 24 бланк тәркіленді.

Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан Ресейдің сақтандыру компаниясының мөрі, Ресей сақтандыру компаниясының 33 бланкі, әртүрлі көліктерге қатысты 30 дана диагностикалық карта, пневматикалық тапанша және екі пышақ тәркіленді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген мәліметте.