Әйел перзентханаға толғағы қарқындай түскенде жеткізілген. Дәрігерлер сәбидің салмақты болатынын алдын ала пайымдаған. Себебі, отбасында бұған дейін туған баланың салмағы 4600 грамм болатын. Алайда, жас босанған ананың үшінші сәбиі аға-апаларынан да ірі – 6 200 грамм.
«Босану асқынусыз болған жоқ, бірақ бригада шұғыл жұмыс істеді. Нәтижесінде, ана мен бала үшін барлығы сәтті аяқталды, дәрігерлер екеуінің де жағдайын қанағаттанарлық деп бағалайды», - деп мәлімдеді облыстық клиникалық аурухана басшылығы.
Айта кетсек, жыл басынан бастап №1 перинаталдық орталықта салмағы 4 келіден асқан 174 нәресте, сонымен қатар 5 кг болған 9 алып сәби дүниеге келді.
Дәрігерлер барлық жүкті әйелдерге өзінің және баланың салмағын бақылап, айтылған ұсыныстарды орындау керектігін, қажет болған жағдайда диета ұстау керектігін ескертеді. Өйткені, ауыр салмақты сәбиді босану – нәресте мен ана үшін қосымша қауіп.