Қарағандыда сауда орталығынан «өрт шықты»: 660-қа жуық адам құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Қарағандыдағы «Таир» сауда үйінде тактикалық оқу-жаттығу шаралары бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдын ала жасалған жоспарға сай, Қарағандыдағы «Таир» сауда үйінің кинотеатрынан «өрт шығып», өзге бөліктерге тарала бастаған. Сауда орталығының  мамандары өрт сөндірушілер жеткенше нысандағы адамдарды сыртқа шығарып, дабыл жүйесін қосты. Осыдан соң сауда үйінің мамандары өз күшімен тілсіз жауды ауыздықтауға көшкен. Жалын туралы хабар түскен соң алғашқы өрт сөндіру техникасы оқиға орнына 10 минуттың ішінде жеткен. Олар тілсіз жауды сөндіруге әрі ғимаратта қалған адамдарды сыртқа шығаруға кіріскен.

Құтқарушылар сауда орталығынан 640 адамды эвакуациялады. Тағы 14 адам ғимараттың төбесінен автобаспалдақпен төменге түсірілді. Ал жалынның ортасында қалған 4 адамды ТЖ мамандары қауіпсіздік каскасын кигізіп, сыртқа алып шықты.

 

«Бұл нысан тегін таңдалған жоқ, сауда үйінің сызбасы күрделі. Ол халық көп баратын әрі өрт қауіптілігі басым нысандардың бірі. Құтқарушылар келмей тұрып өртті сауда үйінің мамандары сөндіруге кірісу керек, осы жұмыс бойынша бірқатар қателіктер кетті. Біз осы қателіктер мен кемшіліктер бойынша кеңестерімізді беріп, әрі қарай жұмыс жасайтын боламыз», - деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев.

«Таир» сауда орталығы ғимаратының жалпы аумағы 46 мың шаршы метрді құрайды. Кинотеатр  үшінші қабатта орналасқан, ал төртінші және екінші қабаттарда көңіл көтеру орындары бар. Сауда үйі  басшылығының мәліметінше, ғимаратта сыртқа шығатын басты 5 есік, сондай-ақ 11 эвакуациялық және 6 апаттық шығу есіктері бар.

«Әрине, мұндай оқу-жаттығу жұмыстарында  сауда үйі қызметкерлері тарапынан кемшілік кетіп жатса, оны кейін түзетеміз. Сондай кемшіліктерді жібермеу үшін оқу-жаттығудың өткізілгенін өзіміз қалаған болатынбыз. Кинотеатр мен көңіл көтеру орындары бізде жоғарғы қабаттарда орналасқан. Бұл бастапқы жобада солай кеткен. Дегенмен, кинозал мен көңіл көтеру орындарында бір жағдай бола қалса, сыртқа шығатын жеке есіктер бар», - деп мәлімдеді "Таир" сауда орнының директор орынбасары Дастан Исайынов.

Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сауда үйінде өткізілген оқу-жаттығу жұмыстарын саралап жатыр. Қарағанды облысында 171 ірі сауда орны бар. Болашақта олардың барлығында осындай жұмыстар жүргізілетін болады.


Арайлым ЕРКЕБАЕВА