Қарағандыда селолық мектептер автобуспен қамтылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Бұл жобаны іске асыруға алдымен Шахтинск қаласы кірісті. Жаңа оқу жылында Долинка поселкесінің оқушылары сабаққа арнайы автобуспен қатынап оқитын болды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов осы бастаманың басқа да аймаққа таралуын тапсырды. 

«Мектеп автобустары өте қажет. Бұл шағын қалалар мен аудан орталықтары үшін тиімді деп санаймын. Әкімдерге қаржы көзін іздестіріп, осы жобаға кезең-кезеңімен қосылуды тапсырамын. Біз үшін балалардың өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығы бәрінен маңызды», - деді Ерлан Қошанов білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында. 

Әкім автобустардың жұмысын бақылап отыру үшін GPS-құрылғыларын орнатуды ұсынды. «Әсіресе,бұл қыстыгүні аса маңызды», - деп баса айтты. 

Ерлан Қошанов сондай-ақ, ерекше қажеттілікке мұқтаж балаларға жағдай жасауды, инклюзивті білім беруді енгізуді де назарда ұстау қажеттілігіне тоқталды. Біздің облысымызда 115 білім беру ұйымы республикалық «Инклюзивті балабақша-мектеп -колледж» пилоттық жобасына қосылды.700-ден астам педагог инклюзивті тәжірибе бойынша оқытылды. Инклюзивті білім бойынша психологиялық-педагогикалық қызметті сүйемелдейтін тіл мүкісін түзейтін маман, дефектолог-мұғалім және үйлестірушінің жұмыс орындары ашылады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов. 

Бірқатар аймақтардың мектептерінде түзету бөлмелері ашылды. Бұл ерте бастан балалар мүгедектігін анықтауға және уақытылы педагогикалық түзету және көмек көрсетуге мүмкіндік береді. 

«Тек қана пандус-баспалдақтарды орнатумен шектеліп қалуға болмайды. Алдын ала сүйеніш тақталарын орнатып, арнайы парталар алу қажет. Дефектологтар мен тіл мүкісін түзейтін маман-логопедтерге жұмыс орнын ашуға аса назар аударыңыздар», - деді Ерлан Қошанов қалалар мен аудан басшыларына.