Қарағандыда шалғай ауыл балаларын мектепке тасымалдау үшін 27 автобус сатып алынады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ауыл мектептері үшін 27 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бұл өз кезегінде мектебі жоқ шалғай елді мекендерден балаларды тасымалдау мәселесін шешуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл мектептерінің автопаркін жыл соңына дейін біртіндеп толықтыру жоспарда бар.

Алғашқы бес автобус 15 қыркүйекке дейін Абай, Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарының мектептеріне беріледі.

Ол үшін Қарағанды облысының білім басқармасының басшылығы көлік қабылдауға қатысты алғашқы актілерге қол қойды және қажетті құжаттарды ресімдеу жұмысын бастап кетті.

Қыркүйек айының соңына дейін ведомство тағы 14 автобусты сатып алып, ауылдық жерлерге береді.

«Білім министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жөніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қаржыландыру есебінен 27 автобус сатып алынды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен «Hyundai Trans Auto» ЖШС және «QazTehna» ЖШС жеткізушілері арасында шарт жасалды», – деп хабарлады Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook парақшасында.

Жаңа автобустар заманауи талаптарға сай келеді.

Олар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, көліктің есігі ашық қалып қойған кезде қозғалысты бұғаттау механизмімен, жылдамдықты сағатына 60 км-ге дейін ғана жеткізетін шектегішпен жабдықталған.

Жаңа оқу жылында өңірде мектебі жоқ 121 шалғай елді мекеннің 1628 оқушысы білім мекемелеріне күн сайын және апта сайын жеткізіледі.