«Шайылған жол учаскесін қалпына келтіру шаралары қабылданды. Жол тұтастай қайта жөнделді деуге болады. 150 тонна асфальт, 120 тонна ірі қиыршық тас, ұсақ тас, сонша жамылғы төселді», - деді журналистерге берген сұхбатына А.Жұмекенов.
Оның айтуынша, жұмыс 8 күнде жедел жүргізілді. «8 млн теңге ақша кетті, жөндеу жұмыстарына бюджеттен тыс қаражат жұмсалды. Біз жол ұйымдарын тарттық, - деп атап өтті әкім орынбасары. -Өздеріңіз білесіздер, Қарағанды қаласының аумағында ТЖ жарияланған жоқ, сондықтан төтенше қордың қаражатын пайдалана алмаймыз, бұл таза бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі». Ол су толықтай тоқтағанда, «Қазақавтожол» конус плиталарды қалпына келтіріп, жол жиегін нығайтып, жол белгілері қойылатынын атап өтті. «Қазір қираған жол ашылды. Қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Біздің қалалық әуежайға айналма жолмен емес, тікелей баруға болады», - деп сөзін түйіндеді ол. Бұдан бұрын хабарланғандай, 10-11 сәуірде Соқыр өзенінің арнасынан тасыған су қарағандылық «Сарыарқа» әуежайының жолын басты. Жол қозғалысы шектеліп, әуежайға айналма жолмен шығуға тура келді. Қарағанды облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, өңірде су тасқыны кезеңінде жергілікті маңызы бар 17 шақырым жолды су шайды. Бұдан басқа, 84 су өткізу құбырлары мен 12 көпір қирады. Жол ұзындығы 9 343 шақырымды құрады.