Қарағандыда «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының мүшелері сотталды
«Қазыбек би аудандық сотының үкімімен үш ер адам ҚР ҚК 405-бабы 1-бөлігінде (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiн ұйымдастыру) көзделген қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Айдын Шәкенов 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, Бауыржан Серіков пен Мұрат Шөпенов 2 жылға түрмеге қамалды», - делінген Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпар хатта.
Іс материалдарына сүйенсек, жазасын өтеушілер Қазақстанда тыйым болмаған кезеңде «Таблиғи Жамағат» ұйымына кірген. 2011 жылы А. Шәкентаев (рухани есімі - Муас) ұйымға жаңа мүшелерді тартумен, жергілікті ұяшық қызметін ұйымдастырумен айналысып көшбасшылардың бірі болған. Білімін жетілдіру үшін Үндістанға, Қырғызстанға халықаралық жиындарға барған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.