Бүгін шығарылған үкімге сәйкес, Мадияр Түстікбаев, Диас Түместаев пен Сағын Ықылас айыпты деп танылды.
Олар мас күйінде таксиге отырған. Жолда такси жүргізушісі келесі мөлтекауданға жеткенге дейін жол ақысын төлеуді сұраған. Осыған байланысты такси жүргізушісі Саят Солтанбеков пен сотталушы Ықыластың арасында жанжал туған. Сотталушы ашуға булығып, өзімен бірге алып жүрген ас пышағымен жүргізушінің иығы мен мойнынан пышақтайды. Ол жүргізушінің артында отырған.
Қаза тапқан жүргізушіні орындығынан түсіріп тастап, Мерседес көлігінің тізгініне сотталушылардың бірі отырады. Көліктің терезесінен жүргізушінің екі ұялы телефоны мен пышақты лақтырып жібереді. Кейін Республика даңғылында орналасқан тұрғын үйдің ауласына келіп, көліктің үстіндегі таксиге тиесілі «9 регион» белгісін және мемлекеттік нөмірін алып тастайды. Дәлелдерді артқы орындыққа лақтырады. Құжаттарды өртейді. Содан соң Бұқар жырау ауданы Ботақара кентіне жол тартады. Ауылдың маңындағы далаға көлікті қалдырып, ылғалды майлықтармен рульдегі саусақ іздерін өшіреді. Такси жүргізушісінің мәйітін жолдан өтіп бара жатқан жүргізушілер тапқан.
Полицейлер студенттерді анықтады. Күдіктілер машинада саусақ іздері болмағандығын айтып, қылмыстарын жалтарады. Алайда, полиция қызметкерлері басқа да айғақтарды тапқан.
Қарағанды облыстық қылмысьық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Исламхан Есенбаев айыпталушылардың бірін ҚР ҚК 99-бабы «адам өлтіру» бойынша кінәлі деп тауып, 19 жылға бас бостандығынан айырды.
Қалған екеуін автомобильді иемденгені және ресми құжаттарды жойғаны үшін ҚР ҚК 200-бабы мен 384-бабы бойынша үш жылға соттады. Ал адам өлтіру ісі бойынша ақталып шықты, себебі оқиғалық сараптама олардың адам өлтіруге қатысы жоқтығын дәлелдеді.
Сот зардап шеккен тараптың азаматтық шағымын қанағаттандырып, сотталушыларды 2 миллион теңге өтемақы төлеулеріне міндеттеді.