Қарағандыда теміржол билеттері заңсыз сатылған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері «жасырын сатып алушы» әдісі бойынша жолсеріктердің пойыздардағы орындарға билеттерді заңсыз сату фактілерін және осы істе делдал болғандарды анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мекемеде мәлім еткендей,  кассаларда «Астана-Алматы» бағытына билеттер сатылмағанымен,  пойыздардың ішінде бос орындар болған. Жолаушылар пойызға отыру үшін алдымен делдалдармен келісуге мәжбүр болған. Заңсыз іспен айналысушылар жолсеріктермен сөз байласып, билеті жоқ адамдарға пойыздан бос орындар алып беріп жүрген.

Осылайша, «жасырын сатып алушы» «Астана «Нұрлы жол» - Алматы-2» пойызымен Алматыға дейін 12 мың теңгеге билетсіз жетіп алуға келіскен.

Бұдан бөлек, тергеу барысында жасырын қызмет көрсететін адамдардың әрекеті жөнінде теміржол вокзалының күзет қызметкерлері де хабардар болғаны анықталды. Күзетшілердің өзі заңсыз істе делдармен бәсекелесуге дайын болған.

Ведомствода мәлім еткендей, дәл осындай келеңсіздіктер жолаушылар мен жолсеріктерді қолайсыз жағдайға ұшыратып отыр.