Трансформатор қосалқы стансасындағы өрт салдарынан Қарағандының сегіз көпқабатты үйінде жарық өшіп қалған. Бұл Костенко, Абай және Жамбыл көшелеріндегі үйлер.
«26 қыркүйек күні сағат 17:44-те Қарағандының Бұқар жырау даңғылында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. №12 үйдің маңында электр сымдары, электр есептеуіш құралдарының жанатын бөліктері және қосалқы стансаның ағаш құрылысы өртенген. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 18:44-те толық сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала нұсқа бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Бүгін қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында электрмен жабдықтау бір күн ішінде қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
«Трансформаторлық қосалқы стансадағы өрт жағдайы бойынша: үйінділер түнде жиналды, жабдықтарға қол жеткізу қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде демонтаждау жұмыстары жүргізілуде, одан кейін екі трансформаторды монтаждауға кіріседі», - деп жазды Қарағанды әкімі.