Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Юржан Бекқожиннің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен мәлім еткеніндей, жеке өздері тартқан қаржының есебінен құны 57 млрд 600 млн теңгені құрайтын 60 жоба жүзеге асырылған.
«Ұсақ және орта шаруашылықтар ауыл шаруашылығы ұйымдарына тартылуда. Жыл басынан бері, 1 қазанға дейін 56 кооператив құрылды, ал жылдық жоспар 38 болатын. Олардың арасында 25 сүт және 31 ет бағытындағы ұжымдар бар»,-деді Юржан Бекқожин.
Елдің барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекет ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға бағытталған жаңа тетіктер ойластырды.
Юржан Бекқожиннің сөзінше, өңірде 7 799 бас ірі қараға арналған 891 отбасылық бордақылау алаңы салынды. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 2 мың 800-ге жуық ұсақ және жеке шаруашылықтар тартылды. 2112 жаңа жұмыс орындары ашылды.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Әрбір аудан бойынша қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылық картасы жасалды. Болашақта сүт өңдейтін 4 өндіріс ошағы мен ет өңдейтін 7 өндірісті жаңғырту көзделіп отыр»,-деп хабарлады Юржан Бекқожин.