Қылмыстық істер жөніндегі Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы әділет капитанын айыпты деп танып, Қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша ақтаудан, тағы бір бабы бойынша жазасын жеңілдетуден бас тартты. «Апелляциялық шағымды қарап шығып, қылмыстық істің материалдары мен үкімді зерттеп, алқа: үкімді өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы қабылдады», - дейді Қылмыстық істер жөніндегі Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов. Судья изолятор қызметкері тергеліп жатқан ер адам мен әйел кісінің кездесуін ұйымдастырғанын анықтаған. Сотталған капитан мен оның адвокаты ҚК 422-бабының 1-бөлігі бойынша ақтауды сұраған.
Ел арасында қызу талқыға түскен осы оқиға тергеу изоляторындағы әйел жүкті боп қалып, ауруханаға түскеннен кейін белгілі болған. Ауруханада ол патологияның салдарынан аборт жасатқан. Кейіннен әйелдің АИТВ инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ол ұрлық жасады деген айып тағылып, тергеу изоляторына алынған болатын.
Капитанға ҚР ҚК 362-бабының (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) 2-бөлігі, ҚР ҚК 422-бабының (Жалған айғақтар беруді немесе айғақтар беруден жалтаруды, жалған қорытынды беруді не қате аударуды параға сатып алу немесе оларға мәжбүрлеу) және ҚР ҚК 118-бабы (Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтыру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот айыпталушыға 2 жыл, 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеп, капитан атағынан айырған.