Азаматтық қорғаныс полковнигі Магамадов пен Қарағанды облыстық прокурорының орынбасары айыпталушының 12 миллион теңге төлеп, бостандыққа жіберілетіндігі туралы мәміле рәсімдеген. Алайда, судья Жанат Егембердиева бұл істі прокурормен мәмілесіз, жалпы негізде қарау керектігін жөн деп тапқан. Судья істі қайта тексеру жүргізу үшін прокуратураға қайтарған. Іс Қарағанды қаласы №1 Қазыбек би аудандық сотына түскен. Судья Айгүл Мырзабекова сот тыңдалымында азаматтық қорғаныс полковнигін қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы үкім шығарды.
«Сот істің сотта қаралу кезеңінде Магамадов Вадим Эмхадовичтің қамауда ұстау мерзімін ұзарту керек деп есептейді. Бұлтартпау шарасын өзгертуге ешқандай негіз жоқ. Қылмыстық істің 366-бабы 2-тармағы «Пара алу» мен ҚР ҚК 361-бабы 2-тармағы «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша қылмыстық іс өндіріске қабылданды», - деді судья Айгүл Мырзабекова.
Вадим Магамадов сауда үйінің заңгерінен 200 000 теңге алғанын мойындады, алайда оның пара емес, турнир өткізу үшін демеушілік көмек екендігіне сендіруде.