Қарағандыда «Валют-Транзит банктің» тарату комиссиясы бұрынғы банкир Беляевтың үйін тәркіледі

ҚАРАҒАНДЫ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Валют-Танзит банк» АҚ тарату комиссиясы бұрынғы банкир Айтбақы Беляловтың (Андрей Беляев деп танылған) отбасы тұрып келген үйді тәркіледі.

Бұл туралы салымшылармен өткен жиын барысында «Валют-Транзит банк» АҚ тарату комиссиясының төрағасы Жандос Аманбеков хабарлады.

«Біздің Қарағандыдағы Белявтың үйін сотпен қайырып алуға мүмкіндігіміз туды. Қазір осы нысанға құқығымыз жөніндегі тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ж. Аманбеков.

Белгілі болғандай, үйдің иелері бірнеше рет ауысқан. Құжаттарға сәйкес, 2002 жылдың қарашасында бұрынғы балабақша ғимаратын «Валют-Транзитпен» қосылып, «Новый свет» ЖШС алған. Сол жылдың 1 желтоқсанында ғимарат «Валентина және К» коммандиттік серіктестігіне беріліп, жарты айдан кейін ол үйдің иесіне экс-банкирдің әйелі Әлия Әлкеева айналған. 2006-2009 жылдар аралығында бұл үй сыйға беру арқылы бір қызынан екіншісіне өтіп отырған. Ал 2010 жылы үйді Беляевтардың туысы сатып алады.

«Біз жақында үйді қарау үшін оның ішіне кірмек болдық, алайда күзетшілер өткізбеді. Сол себепті біз бұрынғы иесін күштеп шығару үшін сотқа шағымдандық», - деп қосты Ж. Аманбеков.

Еске сала кетсек, Валют-Транзит банкінің бұрынғы басшысы А. Беляеов қаржылық қылмысы үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жазасын өтеу мерзімі аяқталуға жақындағанада оған қатысты жаңа айыптаулар тағылды. Сот оны тағы он жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге шешім шығарды. Істі болған А. Беляев 2013 жылдың 11 ақпанында инфаркт болып, көз жұмды.

«Валют-Транзит банкті» тарату процесі 2007 жылдың тамызынан бері жүргізіліп келеді. Банктің жалпы кредиттік қарызы 47 млрд. теңгені құраған. Соның ішінде салымшыларға 8 млрд. теңгеге жуық ақшаны қайтарып беру керек. Тарату комиссиясы депозиттерді кепілдендіру қорына 14 млрд. теңге қарызды төлеп жатыр.