Қарағандыда Вера Карпованы еске алуға арналған жарыс өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат -3-4 қараша күні Қарағандыда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вера Карпованы еске түсіруге арналған XII республикалық матчтық кездесу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Турнирдің салтанатты ашылу салтанаты 3 қараша күні 11:30-ға жоспарланған.

Жарысқа 2004 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысады. Әрбір спорт мектебінен бір команда ғана өнер көрсетуге рұқсат етілген. Команда құрамында 12 спортшы (6 ұл, 6 қыз) және 1 жаттықтырушы мен 1 өкіл болуы тиіс.

Қыздар үш сайыстан сынға түседі. Үш сайысқа 60 метрге жүгіру, ұзындық-биіктікке секіру (таңдау бойынша), 500 метрге кросс кіреді. Нәзік жанды спортшылар арасындағы 3 қараша күні өтеді.

Ұлдардың жарыс ережесі  де дәл осылай. Тек кроссқа 600 метрге жүгіретін болады. Олардың сайысы 4 қарашаға жоспарланған.

Вера Карпова - Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карповтың анасы. Тұрмысқа шыққанша тегі Ткаченко болған. 19 дүркін Қазақстан рекордсмені. 2004 жылы аса ауыр дерттен қайтыс болды.

Вера Федоровна 30 жыл бойы Қарағандыда жаттықтырушылық қызмет атқарды. Үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы - Максим Карпов ұзындыққа секіру бойынша КСРО құрамасының сапында өнер көрсеткен. Дмитрий Карпов - көпсайыстан Афины Олимпиадасының қола жүлдегері. Қызы - Анна Карпова анасының жолын қуып, жетісайыспен айналысты. 2001 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанған.