Қарағандыда волейболдан әйелдер арасында Ұлттық лигадағы ел чемпионатының 5-туры басталды
14:20, 21 Наурыз 2013
АЛМАТЫ. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағандыда 21-26 наурыз күндері волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 5-туры өтеді.
Бәсеке «Астана» мен «Алматы» және «Ертіс-Қазхром»(Павлодар) мен «Қарағанды» командаларының ойындарымен басталмақ. Бұған дейін астаналықтар 3 рет 3:1, 3:0 және 3:2 есебімен басым түсіп, тек бір кездесуде 2:3 есебімен жеңіліс тапқан еді. Павлодарлықтар 3 рет 3:0 есебімен ойсырата жеңгенімен, бір ойында дәл осындай есеппен сүрінді.
Ал бүгін жұпсыз қалған Талдықорғанның «Жетісуы» қазір турнир кестесінде 45 ұпаймен дара келе жатыр. Олар чемпионаттағы 16 ойында бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпаған жалғыз команда болып отыр. Талдықорғандықтардан астаналықтар - 16, павлодарлықтар - 24, алматылықтар - 32, қарағандылықтар 33 ұпайға артта қалып қойды.