Қарағандыда волонтерлер жұмысы туралы онлайн коференция өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда белсенді волонтерлердің қатысуымен «Пандемия кезеңіндегі облыс волонтерлерінің қызметі және тәжірибе алмасу» атты онлайн-коференция өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараны Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.

Конференция аясында пандемия кезіндегі волонтерлікке қатысты ортақ мәселелер талқыланды, волонтерлік саласындағы тиімді жұмыс тәсілдері ортаға салынып, жаңа волонтерлерді қайырымдылық іс-шараларға тарту, белсенді волонтерлерді марапаттау және олардың қауіпсіздігін қаматамасыз ету мәселелері төңірегінде ойлар, пікір алмастырылды.

Сонымен қатар, іс-шараға өңірлік жастар ресурстық орталықтары, бастамашыл волонтерлық топтар, волонтерлер, кәсіпкерлер қатысты.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 1722 волонтер қоғам игілігі үшін қызмет етуде. Қарағанды облысында ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап осы уақытқа дейін волонтерлермен және кәсіпкерлердің жәрдемдесуімен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарт адамдарға, мүгедектерге және барлық мұқтаж жандарға көмек көрсету бойынша 401 акция өткізілді. Облысымыздың 33198 тұрғынына жалпы сомасы 30 млн теңгеден астам қаражатқа 70 тоннаға жуық азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жеткізілді.

Әр өңірде ашылған волонтерлік штабтарға көмекке зәру адамдар түрлі өтінішпен қоңырау шалуда. Негізінен тұрғындар тегін азық-түлік себеттері, дүкеннен азық-түлік жеткізу, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізу, волонтер қатарына қосылу т. б. сұрақтар бойынша хабарласуда.

Сын сағатта волонтерлер қатарынан табылған жастардың еңбегі ерлікке пара-пар. Нағыз патриоттықтың үлгісін танытып жүрген қайырымды жандардың басын қосқан онлайн-конференция біраз түйткілді мәселелердің түйінін шешіп, ортақ бағыт ұстануға септігін тигізді.

Осылайша Қарағанды облысының волонтерлері жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, жұмыстарын жандандыра түсуде.