Қарағандыда жас офицерлер балы өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Вальс ырғағымен әсем ханымдар би құйынында келбетті жігіттердің сүйемелдеуімен шыр айналды – Қарағанды облысында жас офицерлердің дәстүрлі балы өтті. Би кешіне 14 жұп шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл «Орталық» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтарының, полиция департаментінің және басқа да күш құрылымдарының офицерлері.

Биылғы жылы бал Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған және Республика күніне орайластырылған.

«Іс-шара жас ұрпаққа әскери қызметтің көп ғасырлық тарихы барысында қалыптасқан эстетика мен дәстүрлерді сіңіруге бағытталған. Мұндай оқиға әскери қызметшілердің бірнеше буынын біріктіреді: кадет сыныптарының оқушылары, курсанттар, әртүрлі ведомстволардың әскери қызметшілері және Қарулы Күштердің ардагерлері», – деп атап өтті Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығында.


Қатысушыларды балға бір ай бойы кәсіби хореографтар дайындады. Салтанатты киім киген жас офицерлер мен олардың сүйкімді серіктестері қонақтарға классикалық би – полонез, Вена вальсі, менуэт, полькадан шеберліктерін көрсетті. Оларды құрамына хореографтар, театр актерлері, Қали Байжанова концерттік бірлестігінің әртістері, джамп роуп және роуп скиппинг Федерациясының өкілдері кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалады. Олар қатысушылар арасында орындарды келесі көрсеткіштер бойынша бөлді: ырғақтық, синхрондылық, бишілердің бір-бірімен өзара әрекеттесуі, көрерменмен байланыс, реквизиттерді пайдалану, әртістік.

Бас жүлденің иегері Мағжан Қашенов пен Фаризат Аши болды. Мағжан Б. Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясында еңбек етеді. Лейтенант криминалистика кафедрасында сабақ береді. Ал Фаризат – академияның курсанты, ол үшінші курста оқиды.

«Фаризат менің жұбайым. Ол екеуміз ешқашан би билеген емеспіз, сондықтан біз Гран-приге ие болғанымызға екі есе қуаныштымыз. Менің ойымша, біз әртістік үшін таңдалдық. Біз жеңіске жету үшін көп еңбек еттік. Полонез және классикалық вальс биледік. Мен ұйымдастырушылар мен академиямыздың басшылығына алғысымды білдіремін, өйткені қатысу үшін қарқынды дайындалуға тура келді, кейде сұрануға тура келді. Бізге түсіністікпен қарап, жұмыс пен оқудан босатты», – деп бөлісті Мағжан Қашенов.

Сондай-ақ, қазылар алқасы бірінші, екінші және үшінші орын алған жұптарды марапаттады. Оларға мүсіншелер, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.