Еске салсақ, кеше қатты дауыл Көгілдір тоған ықшам ауданындағы үй аулаларының бірінде жасанды көгалды ұшырып әкетіп, үстінде ойнап отырған екі бала жарақат алған болатын. 8 жастағы балақайдың бас және жақ сүйектері, қолы сынған. Миына зақым келген. Бүгін оған операция жасалады. Ал 9 жастағы екінші баланың жағдайы қалыпты. Ол клиникалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның оңалып қалғанын айтады.
«баланы шок жағдайынан шығардық. Қазір кішкентай науқастың жағдайы жақсарды. Есі анық, сөйлеп жатыр. Нейрохирургтар, сынған маңдай сүйегін, төменгі жақ сүйегін орнына қояды, жоғарғы жақ сүйегін де бекітеді. Травматологтар да өз жұмысын істейді. Сондай-ақ баланың оң қолы сынған. Оны да қалпына келтіреді», - деді нейрохирург-дәрігер Ғабит Махамбаев.
Айта кетейік, ауладағы бұл жасанды көгалды мердігер бір апта бұрын ғана орнатып бастаған. Жұмыс әлі аяқталмапты. Сондықтан жиегі бекітілмеген. Ал қауіпсіздік жағы неліктен ескерілмегендігін құзырлы органдар анықтайды. Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 306 бабы бойынша іс қозғалды.