Қарағандыда жедел медициналық жәрдем көрсететін қосалқы станция ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда жедел медициналық жәрдем көрсететін қосалқыстанциясының құрылысы аяқталды. Ол Майқұдық тұрғындарына қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қосалқы станцияның ауданы 1 300 шаршы метрден асады. Негізгі ғимаратта диспетчерлік бөлме, қызметкерлердің демалыс бөлмелері орналасқан, сондай-ақ жедел жәрдем машиналарын жөндеуге арналған ангар мен гараждар бар.

Жаңа ғимаратта 146 адам, 11 бригада жұмыс істейді. Олар жылына 25-тен 50 мыңға дейін қоңырау қабылдай алады.

«Бүгін бізде қуанышты оқиға – біз жаңа қосалқы станция ғимаратына көшудеміз.

Бұған дейін ол Гвардейская көшесіндегі ескі ғимаратта болған. Қосалқы станция типтік, барлық стандарттарға сәйкес келеді. Қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған: жайлы демалыс бөлмелері, автожуу, жөндеу цехтары, ұсақ жөндеуге арналған жабдықтар. Сондай-ақ, облыс әкімдігі біздің қосалқы станцияға пациенттерді тасымалдау үшін төрт автомобиль сыйға тартты», – дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Зулфикар Әбілқасымов.

Айта кету керек, қазіргі уақытта болашақта Пришахтинск және Сұрыптау тұрғындарына қызмет көрсететін тағы бір қосалқы станцияның құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу.