Қарағандыда жемшөп өндірісін арттыру жолдарын талқылаған республикалық семинар-кеңес өтті

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында «Қарағанды облысында мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытуға инновациялық көзқарастар» деген тақырыпта республикалық ғылыми-практикалық семинар болды.

Семинарды Қарағанды облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгроИнновация» АҚ және Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ҒЗИ ұйымдастырды. Кеңестің жұмысына ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу мекемелерінің көрнекті ғалымдары, аудандардың әкімдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Бұл туралы «ҚазАгроИнновация» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Семинар Қарағанды облысында мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытудың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылау мақсатында ұйымдастырылған. Семинар-кеңестің шеңберінде Қарағанды облысының әкімдігі мен «ҚазАгроИнновация» АҚ арасындағы Меморандумға қол қойылды.

Тараптардың Қарағанды облысы аграрлық өнеркәсіп кешенін ғылыми және инновациялық тұрғыдан дамыту саласындағы мақсаты - ғылыми жетістіктер мен озық агротехнологияларды енгізу, инновациялық жобаларды іске асыру, ең озық тәжірибе мен білімді тарату есебінен ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты өсіруге ықпал ету.

Кеңестің қорытындылары бойынша мынадай шешімдер қабылданды:

- жемшөп, майлы, жарма және бұршақ тектес ауыл шаруашылығындағы ең басым дақылдардың егістік алқаптарының көлемін кеңейту;

- жемшөп базасын тұрақтандыру үшін ең кемінде 160 мың га алқапта бұдан бұрын құрылған суармалы егістік алқаптарды қайта қалпына келтіру;

- нарықты өнімділігі жоғары отандық селекция тұқымдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін ауыл шаруашылығы дақылдарының, оның ішінде жемшөп дақылдарының тұқымдарымен қамтамасыз ету;

- тұқым шаруашылығына арналған тазарту құралдарын, тұқым шаруашылығына арналған техникаларды мемлекеттік дамыту институттарының қаражаты есебінен және лизингке сатып алуда аграрлық өнеркәсіп кешені субъектілеріне көмек көрсету;

- Мал шаруашылығы мен ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының қатысуымен мал шаруашылығында ғылыми жетістіктерді, сонымен бірге, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы жануарларын көбейтудің биотехнологиялық әдістерін енгізу;

- Қарағанды облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысын зерделеп, жемшөп өндірісіне және мал шаруашылығына арналған, сонымен бірге, «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамына қарасты Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ҒЗИ-дің Қостанай филиалы әзірлеген машиналарға өтінімдер қалыптастыру;

- Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ҒЗИ базасында 2014 жылы тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі салаларындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлеріне жаңаша білім беру бойынша аграрлық өнеркәсіп кешенінде Білім тарату орталығын құру.

Бұл шаралар облыста ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қоса отырып, жемшөп өндірісін дамытуды жеделдетуге, мал шаруашылығының экономикалық тұрғыдан тиімділігін арттыруға, біржылдық және көпжылдық жемшөп дақылдарының тұқымдары жетіспеуін жоюға, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.