Қарағандыда жерасты өткелдері базарға айналды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы үш жерасты өткелі санитарлық нормалар мен ережелерге сай емес базарларға айналды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қала тұрғындары үш жерасты өтпе жолдарын аралап шыққан  Қарағанды қоғамдық кеңесіне бірнеше рет шағымданды.

Жерасты өткелдерінің бірі жеке кәсіпкерге жалға берілген, оның бұл жерді базарға айналдырып,  жұмыс кестесін орнатып қойғандығы анықталды. Түнгі уақыттарда жерасты өткелі қала тұрғындары үшін жабық тұрады. Кәсіпкер  жерасты өткелінің негізгі мақсаты - жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін есепке алмаған.

«Қарағандылықтар меншік иесінің  Нүркен Әбдіров көшесіндегі жерасты өткелін түнгі уақыттарда жауып тастауына байланысты наразылықтарын білдіруде. Соның салдарынан қауіпсіз әрі жол жүру ережесін бұзбай көшеден өту мүмкін болмай отыр», - деді Қарағанды қоғамдық кеңесінің мүшесі Қабдығали Оспанов.

Қабдығали Оспановтың мәлімдеуінше, бұл жерлерде азық-түлік өнімдері дайындалып, сатылады және онда санитарлық нормаларды бұзушылық анықталған. Самса және бәліштер су құбыры жоқ жерасты өткелінде дайындалады. Барлық құжаттар меншік иесінде екендігін мәлімдеген сатушылар қоғамдық кеңес мүшелеріне санитарлық кітапшаларын  да көрсетпеген.

«Қолдарыңызды, шикі ет салынған ыдыстарыңызды қайда жуасыздар деген сұрағыма - бөтелкемен әкелінген суға жуамыз деп жауап берді. Мынандай жағдайда әзірленетін тағамдарды қала тұрғындарының сатып алып жеуін елестетудің өзі қорқынышты», - дейді Қабдығали Оспанов.

Тексеру нәтижесі бойынша кеңес мүшелері барлық үш жерасты өткеліне қатысты әкімдікке ұзақ мерзімді жалға беруді тоқтатып, өз мақсатында пайдалануға берілуі талап етілген хат дайындауда.