Қарағандыда жол полициясының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
19:10, 15 Наурыз 2013
ҚАРАҒАНДЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағандыда қызметтік тексеру қорытындылары бойынша жол полициясының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, оларға қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша айып тағылуда. Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Жаңатай Сембеков хабарлады.
«Полицияға ВАЗ-2105 көлігінің иесі шағымданып, оны жол полициясының екі қызметкері тоқтатып, көлігінің құжаттарын алып қойғанын хабарлады. Олар құжаттарды жүргізуші «ақша қарыз болып қалған» азаматқа берген», - деп баяндады Ж.Сембеков.
Қызметтік тексеру барысында бұл фактілер расталды, деп атап өтті ол.
«Жол полициясының қызметкерлері жүргізушінің заңды құқықтарын бұзды. Тексеріс қорытындылары бойынша ҚР ҚК-нің 307 бабы - қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады Ж.Сембеков.