Қарағандыдағы балабақшада бүлдіршін тас еденге құлады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы жеке балабақшалардың бірінде тәрбиеленушілердің бірі кафельден қаланған қатты еденге құлап түскен, алайда жылаған баланы жұбатып, аяққа тұрғызған тәрбиелеуші мұны жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қараусыз қалған баланың еденге құлаған сәті түсірілген видеоны YouTube-арнасында Рүстем Рашев жариялады. Видеодағы датаға қарағанда, оқиға 27 қазан күні балабақшаның сәбилер тобында болған.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қарағанды білім бөліміне жүгініп, неліктен ең жасы кіші балалар тәрбиеленетін мектепке дейінгі білім беру мекемесінің едені кафельмен қапталғанын, сондай-ақ құлап түскен баланы медицина қызметкері тексермегенін білмек болды. Өйткені қатты еденге құлаған кішкентай баланың миы шайқалып, гематома алуы да мүмкін.

«Біз видеороликті көрген жоқпыз. Ол ата-аналардың қолына қалай түсіп қалғанын, оқиға қай балабақшада болғанын анықтаймыз», - деді білім бөліміндегілер.