Қарағандыдағы «Фитохимия» холдингінің ботаникалық бағы ерекше қорғалатын аумақ қатарына енеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар қатары тағы бір объектімен толығуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жарияланған «Ерекше қорғалатын аумақтар туралы» Үкімет қаулысының мазмұны 67-1 жолымен толыққан. Яғни, онда енді Қарағанды қаласындағы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің ботаникалық бағы айрықша қорғалатыны жазылған.

«Жобаның мақсаты – эндемикалық, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдік түрлерінің коллекциясын жасау, оларды фармакогностикалық және онтогенетикалық зерттеу үшін «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ның жалпы ауданы 25,7 га жер учаскелерін республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне енгізу», - деп түсіндірме берілген қаулыға.

Құжат 29 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.