Жыл сайын өтетін RoboLand 2019 фестивалі - жаңа технологиялармен айналысатын балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы ең ірі алаң. Биыл ол бесінші рет өтуде.
«Біз жыл сайын номинациялар санын кеңейтуге тырысамыз. Биылғы жылы аквапоника, жасанды ой-өріс, интернет заттары секілді күрделі санаттарды енгіздік. Бұл фестиваль, сондай-ақ халықаралық қатынастардың дамуына ықпал етеді. Себебі біз жыл сайын қатысушылардың географиясын кеңейтуге тырысамыз. Менің ойымша, бұл алаң жаңа тәжірибе мен білім алуға жақсы мүмкіндік береді», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов іс-шараның ашылуында.
Биыл фестивальде бірінші рет RoboLand friendship санаты ұсынылды. Ол дегеніміз бірнеше командаларды біріктіретін топтарда жұмыс істеуді білдіреді. Роботтар да бірлескен жұмысқа бағдарламаланған болуы тиіс.
«Бұл көп деңгейлі санат. Жұмыс шамамен келесідей жүзеге асырылады: бір робот жүкті «қоймаға» тасымалдайды, екіншісі оны «қойма» ішінде тасымалдайды, үшінші робот оны «өндіріске» алып барады. Роботтар бір команда ретінде жұмыс істеу үшін қатысушылар командада жұмыс істей білуі тиіс», - деп түсіндірді фестивальдің бас төрешісі Максим Васильев.
Сондай-ақ, биылғы жылы алғаш рет VEX роботтары ұсынылған санат енгізілді. Мұндай роботтарды жасауға арналған жинақтар перфорацияланған металл бөлшектерден - профильдер мен пластиналардан, пластикалық беріліс элементтерінен - тісті доңғалақтар, шкивтер мен дөңгелектер және тағы басқадан тұрады.
«VEX - бұл АҚШ пен Қытайда қолданылатын роботтардың өте танымал түрі. Ол Lego-ға қарағанда танымалырақ. Қазіргі таңда Қазақстанда VEX-пен жұмыс істеу енді ғана басталды. Биылғы жылға дейін Қазақстанда осындай роботтармен жұмыс істеген жалғыз мен ғана болдым. Қазір көптеген адамдар бұл өте жақсы білім беру робототехникалық платформасы екенін түсінеді. Менің ойымша, көптеген мектептер алдағы бір-екі жылда оларға көшеді. Бұл роботтар көптеген нәрселерді жасай алады - мысалы, биыл олар белгіленген жалаушаларға шарларды тастап, платформаларға кіріп, берілген алаң шегінде қозғалуы тиіс», - дейді Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің робототехника оқытушысы Том Ноа.
Фестивальде жылдан-жылға ұсынатын санаттардағы тапсырмалар да күрделеніп келеді. Мұндай қадам жарысқа осымен бірнеше рет келіп отырған қатысушылар жаңа технологияларды дамытып, игеруі үшін жасалып отыр.
Мысалы, Қостанайдың сегізінші сынып оқушылары Диана Мельникова мен Камилла Өтегенова аэрогидропоника бойынша жобаны ұсынды. Олар шаммен, жылытқышпен және пульверизатормен жабдықталған арнайы қорапта құлпынай өсіреді. Оның тамыр бөлігі суда, басқа бөлігі ауада орналасқан. Мұндай әдіс үшін топырақ қажет емес.
«Бізде өзіміз бағдарламалаған процессор бар: бүрку жиілігін реттеп орнаттық, тамыр жүйесі орналасқан жәшікте тұрақты температура орнатылған. Сонымен қатар біз жарықтандыруға жауап беретін фотоэлементті орнаттық. Қараңғы болған кезде, жарық автоматты түрде қосылады. Болашақта біз мұнда интернетке шығуға арналған құрылғы орнатамыз, мысалы демалыста немесе қонақта болған кезде су мен температураны басқаруға болады», - дейді қатысушылар.
Бастауыш сынып оқушылары үшін ұйымдастырушылар шығармашылық тапсырмалар дайындады. Мысалы, Қарағанды қаласының №101 мектебінің үшінші сынып оқушылары Олимпиада ойындарына қатысушыларды бейнелейтін үш роботты дайындады. Көкшетау қаласының «Легион» командасының оқушылары ұлттық мексикалық шляпалар киіген алты роботты дайындады. Олардың барлығы соққыш аспаптарда ойнайды - оқушылар оларды белгілі бір ырғаққа бағдарламалаған. Қойылым сценарийі бойынша, оқушылар «сахнаға» өтуге тырысатын фанаттарды бейнелейді. Алайда, олар сонда бара алмайды - оларды робот-дирижер қуып жібереді.
Ал Италиядан келген жоғары сынып оқушыларының командасы фестивальда анағұрлым күрделірек робот-досты таныстырмақ. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға көңіл-күйді тануға, диалогты қолдауға және қажетті заттарды әкелуге көмектесе алады.
Фестивальде сонымен бірге отандық робототехниканың соңғы жетістіктерінің көрмесі жұмыс істейді. Мұнда көмекші-роботтар, 3D-принтерлер және тағы басқалар ұсынылды.
Фестиваль аясында 28 наурызда Қарағандыда STEM-білім беруді енгізу және балабақшаларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында робототехниканы пайдалану туралы «дөңгелек үстел» өтті. Оған Екатеринбург қаласының информатика пәнінің оқытушысы, «Ресейдің жыл мұғалімі -2018» байқауының лауреаты Максим Новиков және Сицилияның Пакино қаласындағы физика-математика техникалық лицейінің профессоры Сальваторе Кавалло қатысты. Ресей Федерациясындағы Томск қаласынан келген RoboCupJunior өкілі Евгений Шандаров , Сулейман Демирел Университетінің ректоры Қанат Қожахмет, Қазақстан Автоматтандыру және робототехника қауымдастығының президенті Владимир Төреханов және өнертапқыш Санжар Мырзағалым сөз сөйледі. Алматыдан келген қонақ Тамара Стрельникова есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуда робототехниканы пайдалану тәжірибесімен бөлісті.