Қарағандыдағы кеншілер мәдениет сарайына 70 жыл толды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыдағы кеншілер мәдениет сарайы 70 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Артта қалған 70 жыл ішінде кеншілер мәдениет сарайы барлық жастағы қала тұрғындары үшін сүйікті орынға айналды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.

Мерейтой кеші барысында ардагерлер мен қазіргі қызметкерлерді құрметтеу рәсімі өтті. Мәдениет сарайының қызметкерлеріне Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары табысталды, сондай-ақ кәсіби жағынан ерекше көзге түскендер министрліктің «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен марапатталды.

«Біздің 70 жылдық мерейтойымызда мәдениет сарайының қандай жұмыс атқарғанын көрсеткіміз келді, қала тұрғындарына оның тарихы туралы айтып бергіміз келді. Еңбегімнің «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен бағаланғанына өте қуаныштымын. Биыл мәдениет саласында жұмыс істегеніме 46 жыл болды. Бұл – менің алғашқы жоғары марапатым. Менімен бірге тағы үш әріптес марапатталды. Біздің ұжымда барлығы 116 адам жұмыс істейді, олардың 70 пайызы – жастар», - деді КМС басшысы Жарулла Ақышев.

Мерейтой күні «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблі халықтық атағына ие болды.

Ал, кеш қонағы, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева еліміздің ең үздік сахналарының бірінде өнер көрсетуге қуанышты екенін атап өтті.

«Мен сахнада жарты ғасырға жуық уақыт жүрмін. Осы жылдар ішінде 20 рет Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында өнер көрсеттім. Қарағанды – сүйікті қалам. Әрқашан аншлаг және әрқашан мені осындай мейіріммен, сүйіспеншілікпен қабылдайды. Біздің республикамыздың ең үздік сахналарының бірін мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!» - деді Роза Рымбаева.

Кеншілер мәдениет сарайы – Қарағанды қаласының символы. Ғимарат құрылысы 1940 жылы жергілікті сәулетшілер Джозеф Бреннер мен Яков Яноштың жобасы бойынша басталған. 1952 жылы нысан толығымен пайдалануға берілді. Ал, 1983 жылы мәдениет сарайы сәулет ескерткіші мәртебесіне ие болды.

Бүгінде Кеншілер мәдениет сарайында 25 шығармашылық ұжым жұмыс істейді, олардың үшеуі – халықтық атағына ие.