Қарағандыдағы музыкалық мектепке 3 млн теңгенің аспабын сыйға тартты

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры қарағандылық музыкалық мектепке 3 миллион теңгеге музыкалық аспапты сыйға тартты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Меморандумға Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков және ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев қол қойды.


«Қор «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында жастарды қолдау бағдарламасын іске қосты. Меморандумның мақсаты жастар бағдарламаларын іске асыру, қолдау, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық және жастардың байланыс салаларында ынтымақтастықты алға жылжыту», - деді Қанат Жұмабаев.

Әкім Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірдегі жастарға көп көңіл бөлініп, бірқатар жастар ұйымы құрылып, жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған дарынды балаларға арналған жобалар іске асырылып жатқандығын атап өтті.

«Мен - кәсіби маман» жобасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті қоры Қарағандының дарынды балаларына арналған мамандандырылған музыкалық интернат мектебіне 3 миллион теңгеге аспап сыйлады.

Бүгін қор өкілдері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қордың стипендиаттық және гранттық бағдарламаларын таныстырады.

Биыл қор 80-нен астам жобаны іске асыруға ниетті, 2016 жылы 73 жоба іске асырылды. Оның 42-сі жастарды қолдауға бағытталды.