Қарағандыдағы облыстық Жол полициясы басқармасының ғимаратында өрт шықты
20:17, 09 Шілде 2010
ҚАРАҒАНДЫ. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда жұма күні, шілденің 9-ында кешкі сағат 18:00 шамасында облыстық Жол полициясы басқармасының ғимаратында өрт шықты.
«Үшінші қабаттағы қалқан бөлмесінде өрт шықты. Түтіннің иісін көрші бөлмедегі қызметкерлер сезді. Олар темір есікті бұзып кіріп, өрт сөндірушілерге хабар беріп, өздері өрт сөндіретін құралдармен жалынды сөндіре бастады», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД ЖПБ ұйымдастырушылық-сараптама жұмыстары бөлімінің бастығы Валентин Валуев.
Оқиға салдарынан басқарма ғимаратынан 300-ден астам адам көшірілді. Өрт аумағы шамамен 30 шаршы метрді құрады. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жау оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметінің көмегімен тез арада ауыздықталды.