Қарағандыдағы су тасқынына қатысты видеоның жалған екендігі мәлім етілді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі әлеуметтік желі арқылы таралған малдарды су тасқынының ағызып кеткені жөніндегі видеоның бұл өңірге қатысы жоқ екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарқаралы ауданына қарасты Көктас елді мекенінде ірі қара және ұсақ малдар суға ағып кетіп жатқаны туралы бейне әлеуметтік желілерді дүрліктіріп жатыр. Алайда Қаршығалы ауылдық округінің әкімдігі ресми түрде ол ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Жоғарыда атап кеткен фактілер тіркелмеген», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысының үш ауданында - Бұқар жырау, Қарқаралы және Абай ауданының жекелеген елді мекендерінде су тасқыны орын алды. Аталған аудандардың әкімдері жергілікті көлемде табиғи сипаттағы ТЖ жариялау туралы шешім қабылдады. 

Қазіргі кезде жеті елді мекенде тұрғын үйлер мен аула аумақтары су астында қалды: Сарытөбе, Чкалово, Садовое, Андрейниковка, Қызылжар, Красная Поляна, Қарамұрын. Чкалово және Садовое ауылдарында 49 және 42 баспананы су басқан. Чкаловодан 137, Садовое ауылынан 308 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 
Үш елді мекенде - Қарағайлы және Қайрақты, Тұзды ауылдық округының 1-май бөлімшесінде - су басу қаупі сақталады. Шопа ауылында Шерубай-Нұра өзенінде арнасынан асқан су жолдарды шайып кетті. 
Облыста автомобиль жолдарының сегіз учаскесін су басты. «Қарағанды-Қарқаралы» жол учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін көлік қозғалысы тоқтатылды. 
Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Оған 1 663 адам, 555 техника тартылды. Бұқар жырау, Қарқаралы, Абай, Шет және Осакаров ауданындағы жағдай бақылауға алынды. 

Соңғы жаңалықтар