Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен хабарлады.
«Балалардың әкесінен жауап алу кезінде анықталғандай, ол кіші қызының бөлмесін «пәле-жаладан тазалау мақсатында» рәсімдік балауыз жаққан да, дүкенге шығып кеткен. Түтіннің иісінен оянған ересек қыздары әкесінің ұялы телефонына қоңырау шалған. Үйіне тез оралған әлгі азамат пәтердің және басқа бөлмелердің есіктерін ашқан сәтте, ішке ауа кіріп, жалынның тез тарауына себеп болған», - делінген ведомствоның баспасөз баянында. Бөлмелердің түтінге тез толғанына қарамастан, әлгі азамат өртті өз бетімен сөндірмек болған. Өрт туралы өрт сөндіру қызметіне кездейсоқ жүргінші ұялы телефонмен хабарлаған.
Алдын ала долбар бойынша, өрттің ошағы ең кішкентай, 4 айлық қызбаланың бөлмесінде болған. «Үйдің ішіндегі барлық зат жанып кетті. Өрт кезінде 10000 С температураға жеткен ыстық жалыннан тіпті темірбетон тақталар үгітілген», - дейді өрт сөндірушілер.
Сенбіге қараған түні Қарағандыда Театральная көшесіндегі он қабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шығып, оқиға салдарынан үш баланың: 2007 және 2008 жылы туған ұл балалар мен 4 айлық қыз баланың шетінегенін ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Сондай-ақ, сегіз жастағы тағы екі егіз қыз бала иіс тиіп уланып, ауруханаға түскен.
Жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын жеті бөлмелі екі деңгейлі пәтер 9- және 10-шы қабаттарда орналасқан. Өрт болған үйден құтқарушылар 15 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Жалын 1,5 сағаттан кейін сөндірілді. Оны ауыздықтауға үш өрт сөндіру бөлімінің 35 қызметкері мен 9 техника жұмылдырылды.