Қарағандыға бара жатқан жолаушылар автобусы КамАЗ-мен соқтығысты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург күре жолында КамАЗ автобуспен соқтығысып қалды. Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жол апаты 11 мамыр күні Теміртау қаласынан шыға берісте болған. Апат салдарынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді. Теміртаудан шыққан №100 жолаушылар автобусы Қарағандыға, Майқұдық ауданына бара жатқан. Қарағанды тас жолы көшесі мен республикалық күре жол қиылысында автобус КамАЗ маркалы жүк көлігімен соқтығысқан», - дейді ведомство өкілдері.

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

«Алдын ала мәліметтерге қарағанда, 44 жастағы КамАЗ жүргізушісі солға қарай маневр жасап жатқанда 47 жастағы жүргізуші басқарып отырған ПАС автобусына соқтыққан. Апат салдарынан автобустың кондукторы мен 77 жастағы әже жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Тиісті сараптамалар белгіленді», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.