«Қарағандыға қауіп бар ма?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 25 маусым, сәрсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Өркендеген өндірісті өңір» атты көлемді мақала басылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, өңір жұртшылығымен жүздесті.

- Экономикалық дамудың арқасында біз әлеуметтік, оның ішінде спорт саласындағы мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Бүкіл еліміз бойынша спорт нысандары қалпына келтіріліп, жаңадан спорт кешендері салынуда. Атлеттеріміздің нәтижелері де барлық бағыттар бойынша жақсарып келеді. Осының бәрі ұлт саулығын нығайтуда маңызды мәнге ие болып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент өңірдегі спорт саласы ардагерлерімен әңгімелесіп, оң өзгерістерді атап өтті. Елбасы сондай-ақ, спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және өңірдегі білім, жастар саясаты саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, осы күндері Катар астанасы Дохада ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 38-ші сессиясы өтуде. Онда Ұлы Жібек жолы БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Орта ғасырларда Шығыс Азия мен Жерорта теңізіне дейінгі аймақты жалғаған керуен жолын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу мәселесін Қазақстан, Қытай және Қырғызстан тарапы көтерген болатын. Осыдан 3-4 мың жыл бұрын Қытайдың Ши-ан деген жерінен басталып, Шынжаң, Орталық Азия арқылы Таяу Шығысты жалғаған керуен жолы бағыты сол заманда сан халықты бір-бірімен жақындастырып, олардың мәдениеттерінің дамуына да өз септігін тигізгені анық. Ұлы Жібек жолы салған айшықты тарих дала жүзінде неше ғасыр бойы сайрап жатты. Тек кәрі құрлықтың су жолымен жүк тасымалдай бастауы тарихтың жаңа беттерін ашып, Жібек жолының сорабы дала бетінде көмескілене бастаған. Енді, міне, араға ғасырлар салып, Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО қорғайтын тізімге енгізілді. Бұл мақала көпшілік назарына «ЮНЕСКО тізіміне енді» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

*** «Айқын» газетінің жазуынша, өткен сенбіде Қарағанды облысында магнитудалық күші 5,8 балдық жерасты дүмпуі болды. Қарағандыда MSK-64 бағаны бойынша 4 балды көрсетті. Бұл табиғи зілзала емес, адамдардың қолымен жасалған техногендік жер сілкінісі деген тұжырым жасап отыр сейсмологтар. Жері жазық Арқа өңірінде мұндай қатты жер сілкінісі ешқа­шан болмаған. Бәлкім, аздаған тербелістер болған шығар, бірақ оны тіркеп, зерттейтін Орталық Қазақстанда сейсмикалық стан­салар жоқ. Сейсмостансалар Алматы, Шығыс Қазақстан, Оң­түстік Қазақстан және Қызы­лорда облыстарының таулы ау­мақтарында орналасқан. Сон­дықтан Арқа жақта күшті зілзала болады, болмайды деген болжам айтудың өзі қиын. Бірақ техногендік жерасты дүмпулері Қарағанды шах­та­ларының маңында болуы мүмкін деген жорамалдар баяғыдан ай­тылып жүр. Өйткені «жер ас­тындағы пай­далы қазбалар кеу­леп алын­ғанмен, оның бос орны басқа затпен толтырыл­маған» дейді геофизик мамандар. Бұл мақала «Қарағандыға қауіп бар ма?» деген тақыппен жарияланды.

Осы басылымда «Мектепке «ЭКСПО» пәні енгізілуі мүмкін» атты мақала басылды. Астанада өтетін ЕХРО-2017 жаһандық көрмесіне бірін қалдырмай, Қазақстандағы барлық балаларды қатыстыру көзделуде! Бұл туралы кеше, «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысы кезінде мәлім болды. Осы жиында «Астана ЭКСПО-2017 - Қазақстан балаларына» жобасының тұсауы кесілді. Қазақстанда алда мектептерде «ЭКСПО» туралы міндетті арнайы пән жүргізілуі мүмкін. Кеше таныстырылған жобада мәселен, «Болашақ энергетикасының мүмкіндіктері мен перспективалары» тақырыбында сыныптағы жұмысқа арналған білім беру бағдарламасы ұсынылып отыр. Ол бойынша ЕХРО-2017 қарсаңында мектептерде жас ұрпақ «болашақ қуатының» не екендігін танып біледі. Бұл ретте егер жоба толыққанды жүзеге асса, білім ордаларына осыған қажетті «дайын оқу жинақтары» таратылмақ.

***

«Экспресс-К» басылымында «Давно не брал я шашек в руку» деген материал берілді. Ресейде инновациялық әдіспен саусақ протездерін орнату бойынша бірегей отаны жүзеге асырды. Хирургтер осындай алғашқы операцияны 20 жасар қазақстандыққа жасады. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, ота сәтті өтті және жас жігіт енді қолымен түрлі заттарды ұстауға қауқарлы. Атап айтқанда, бір жыл бұрын қайғылы оқиға салдарынан бұл жігіт оң қолындағы үш саусағынан айырылып қалған екен.