Қарағандылық алаяқ интернеттен тауып алған жеке куәліктерді пайдаланған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан 400-ден астам интернет-алаяқтық тіркелді. Оның шамамен әр үшіншісі – алдын ала төлем жасауға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды облысында тұратын алаяқ әйел былтырдан осы жылдың ақпан айына дейін жұртты алдап, қалталарын қағып келген. Ол интернетте төмен бағамен пәтерді жалға беретіні туралы хабарландыруды орналастырып отырған. 10 мың теңге сомасында алдын ала төлемді алған соң клиенттердің нөмірлерін бұғаттап, байланысқа шығуды доғарған. Осындай әдіспен бірнеше өңірдің тұрғынын алдаған.

Хабарландыруда Петропавлдан да пәтерлерді ұсынған. Қылмыстық істің 14 эпизодының сегізінде осы қаладағы «пәтерлер» көрсетілген. 32 жастағы әйел интернеттен тауып алған біреулердің жеке куәлігін пайдаланып, түрлі айла-тәсілдермен ізін жасырмақ болған. Бірақ петропавлдық жедел уәкілдер алаяқты әшкереледі.

«Қылмыс жасалған сәтте күдікті әйел бас бостандығын шектеу түріндегі осыған дейін берілген жазасын өтеп жүрген. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқ жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеді. Сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырып, осы жазасының үстінен өтелмеген шартты мерзімінің алты айын қосты.

Егер интернет кеңістігіндегі хабарландыруларда төмен бағамен тауарлар мен қызметтерді ұсынып жатса, азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Алдын ала төлемге келіспеңіздер, бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап етіңіз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.

Жыл басынан СҚО-да интернет-алаяқтықтың 400-ден астам фактісі тіркелді. Оның 150-ден астамы алдын ала төлемді талап етумен байланысты.