Қарағандылық әуесқой спортшылар Өзбекстанда ультрамарафонға қатысты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 26–27 маусым аралығында Өзбекстанның «Заамин» ұлттық табиғи саябағында Zaamin Ultra халықаралық трейлер марафоны өтті. Оған түрлі жас және кәсіп өкілдерінен құралған 600-ден астам желаяқ қатысты.

Марафоншылардың арасында Қарағанды облысының үш тұрғыны – ерлі-зайыпты Думан және Ақмарал Бейсенаевтар мен Дулат Ақбанбетов те болды.

«Мен спортпен 22 жасымда, әскерде қызмет етіп келгеннен кейін айналыса бастадым. Шаңғы спортымен, велоспортпен айналысамын, жүгіремін, жүземін, түрлі марафондарға қатысамын, соның ішінде шетелге шығамын. 2018 жылы Алматыдағы TengriUltra ультрамарафонына қатысып, 70 км қашықтықты еңсеріп, үшінші орынға ие болдым. Содан кейін жарақат алып, ұзақ қашықтыққа жүгіруді тоқтаттым. Бірақ таяуда Zaamin Ultra туралы біліп, бұл шарадан тыс қала алмадым. Өзбекстан табиғаты өте көркем: таудың қарлы шыңдары, мөлдір өзендер және мәңгі жасыл кипарис. Сондықтан әйелім екеуміз қатысуды ұйғардық», – дейді Думан.

Думан өзі үшін әр бастама сынақ және үлкен тәжірибе екенін мойындайды. Жүгіру бағыты теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте асфальт төселген серпантин арқылы өтті.

Әуесқой спортшы мәре сызығын бесінші болып кесіп өтіп, 1 сағат 54 минутта 21 км жүгірді.

30-39 жастағы ерлер арасындағы жас тобында Думан бірінші орын алып, 400 мың өзбек сумына сертификат жеңіп алды.

Жұбайы Ақмарал жолдасына қолдау көрсетіп, екі шақырым жүгіріп өтіп, қатысқаны үшін медаль алды.

23 жастағы Дулат Ақбанбетов - қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. Zaamin Ultra ол үшін әуесқой спортшы ретінде қатысқан алғашқы ірі марафондардың бірі болды.

Дулат 50 км жүгірді, бұл қашықтықты 7 сағатта өту керек болды. Ол осы қашықтықты 6 сағатта бағындырды.

«Марафонның күрделі бағытына қарамастан, біз табиғаттың сұлулығына тамсанып қайттық. Бір таудан өткен кезде келесі тауда қандай ғажайып көрініс күтіп тұр екен деп ойладық. Мен марафоннан жағымды әсер алдым, кедергілер жайлы мүлдем ойламауға тырыстым, бағындыра алмайтын белес болмайтынын өзіме тағы да дәлелдедім», – дейді Дулат.

Айта кету керек, ультрамарафонға Өзбекстан, Қазақстан, Украина, Ресей, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея, Германия, Қырғызстан, Ливан, Нидерланды, АҚШ, Түркия және Франциядан келген желаяқтар қатысты.

Zaamin Ultra мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған Samarkand Half Marathon қайырымдылық жүгіру сериясына кірді.

Бастапқы жарнадан алынған барлық қаражат қайырымдылыққа беріледі.