Қарағандылық әйел 40 жыл бойы автобус жүргізушісі болып жұмыс істеп келеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда 40 жыл автобус жүргізушісі болып жұмыс істейтін әйел жолаушыларды таң қалдыруда. Мамандық нәзік жандыларға тән болмағанымен, ол өз жұмысын жақсы көретінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үлкен көлік жүргізу тіпті ер адамдарға оңай емес. Себебі, машинаның өлшемдерін білу керек және оның әр сантиметрін сезіну өте маңызды. Бірақ бұл Мұңсыз Тілегенова үшін қиын шаруа емес. Өйткені, ол 40 жылдан астам уақыт бойы автобус жүргізіп келеді.

«1982-2001 жылдары Ақтөбеде троллейбус жүргізушісі болдым. Аз ғана үзілістен кейін Қарағанды қаласына көшіп келдім. Мұнда мен автобус жүргізушісі еш қиындықсыз еркін отырғанын байқадым. Ол көлікті бір аяғымен басқарып отырғанын көріп, қызықтым. Бұл автоматты беріліс қорабының арқасында мүмкін екен. Осыдан кейін мен неге автобус жүргізушісі болып жұмысқа тұрмасқа деп ойладым», - дейді Мұңсыз Тілегенова.

Қарағандыда Мұңсыз 2006 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Алдымен кондуктор болып жұмысқа тұрған. Бірақ көлік жүргізуге деген ынтасы басым болып, әйел автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Ол үшін Мұңсыз қайта оқудан өтіп, 2007 жылы «D» санатын алған. Бүгінгі таңда Қарағандының үшінші автопаркінің ең тәжірибелі қызметкерлерінің бірі.

Цехтағы әріптестер де, жол қозғалысының басқа қатысушылары да әйелге деген құрметін көрсетеді. Әйел жүргізуші жолаушылардан мақтау сөздерді жиі естиді.

«Мен онымен жұмыс жасағаныма өте қуаныштымын. Ол жақсы әріптес және әңгімеміз әрқашан тамаша жарасады. Бұл кісімен ешқашан жалықпайсыз. Кейде тіпті кеңес сұрап, жақсы өсиеттер аламын. Әрине, оның тәжірибесін қанша бағаласақ та аз көрінеді. Көбінесе оны жолаушылардың өздері мақтайды. Бұл өте маңызды деп ойлаймын», - дейді кондуктор Бақтияр Тыныбаев.