Қарағандылық биатлоншы Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға лицензия ұтып алды
«Қаңтар айындағы соңғы, өте маңызды рейтингтік халықаралық жарыстарда Словакиядағы Брезно-Осрбльдегі IBU Кубогында Владислав тамаша нәтиже көрсетті. Ал жарыстың бірінде күтпеген жағдай болды. Нәтижесінде Владислав олимпиадаға қатысу үшін қажетті ұпай санын жинады. Әрине, біз талантты және болашағы зор тәрбиеленушіміз үшін өте қуаныштымыз», – дейді Қарағанды облысының биатлоннан аға жаттықтырушысы және спортшының жеке тәлімгері Раис Хайрутдинов.
Владислав Киреев 21 жаста. 2020 жылы Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеке жарыста бесінші болды. 2021 жылы биатлоннан Чехияда өткен жазғы әлем чемпионатында жетінші орын, Қырғызстанда өткен Азия біріншілігінде алтын және қола медальдарға, ал Алматыда өткен ҚР Спартакиадасында үш жарыста жеңіске жетті.