Баспасөз мәліметтерінде Татарстанның денсаулық сақтау жүйесінің кеңес үкіметінен кейінгі аумақтағы жетекшілердің бірі болып табылатындығы айтылған. Ал, семинар жуырда ғана ашылған «Луч» нейрооңалту орталығында өтіп, онда ресейлік профессор емделушілерді өзінің емдеу әдістерімен таныстырған.
«Сіздердің дәрігерлеріңіз жаңаша тәсілдермен жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Бес күн аралығында біз науқастарды оңалтуда қолданылатын жаңа әдістер туралы айттық», - деді Валида Исанова.
Ресейлік дәрігердің әдісі сау бұлшықеттердің көмегімен зақымданған бұлшықеттердің белсенділігін қалыпқа келтіруімен ерекшеленеді. Науқасқа бұл ретте оңалтушы оператор көмектеседі. Бір қарағанда ол мануалды терапия мен емдік гимнастиканың бірігуі секілді көрінеді. Бұл тәсілдің ерекшелігі - дәрігер созу, қысу, бұрау немесе басу әрекеттері арқылы науқастың қажетті жеріне әсер етеді. Алайда науқас та қозғалыссыз бос отырмайды, ол қажетті бұлшықеттерге дәрігердің айтуы бойынша күш түсіруі тиіс.
Семинар аясында Валида Исанова өзінің соны зерттеулерінің бірі - ғарышкерлерді оңалтуға арналған технологияларға негізделген, бұлшықеттің жұмысын белсенді ететін арнайы скафандр-костюмімен таныстырды. Казандық профессор бұл әдісті инсульттан зардап шеккен науқастарды оңалтуға пайдаланады екен. Қарағандының бір медициналық мекемесі осындай скафандр костюмді сатып алуға дайын екенін айтты.
«Мұндай семинар алғаш рет ұйымдастырылып, барлық қатысушылардың оң бағасын алды», - деді «Астана» оқу-клиникалық орталығының директоры Жанат Смағұлова.
Семинарға қатысуға Қарағанды мен еліміздің басқа да аймақтарынан 20 маман шақырылған болатын. Оларды оқыту тегін болды, себебі семинар ұйымдастырушылары осылайша «Туған жер» бағдарламасына өз үлестерін қосуды ұйғарған.