Қарағандылық дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері қарақшылық жасады деген күдікпен ұсталды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық полицейлер букмекерлік кеңселерге бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегерін ұстады.

Бұл туралы облыстың ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Өткен демалыс күндері полицейлер облыс аумағында жасалған қарақшылық шабуылдар мен ұрлықтар сериясын жасаған күдіктілерді ұстау бойынша операция жүргізді. Тергеу-жедел тобына облыстың криминалдық полициясы, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы, ІІД аумақтық бөлімшелерінің үздік қызметкерлері кірді», - делінген хабарламада.

Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес екі күдікті ұсталды: олар 24 жастағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері мен 27 жастағы жұмыссыз ер адам. Спортшы Астанада, оның сыбайласы Теміртауда ұсталды.

«Екі күдікті де бес рет қарақшылық шабуыл жасағаны жайлы айғақты дәлел берді. Заттай айғақтар алынып, олардың осындай басқа қылмысқа қатыстылығының бар-жоғы тексерілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау оқшаулағыышына қамалды, сот алды тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.

Шабуыл нысаны - букмекерлік кеңсе. Ұрылар бетперде киіп, персоналды қарумен қорқытып, ақша ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап отырған.

Соңғы жаңалықтар