Қарағандылық еріктілер «25 игі іс» акциясын бастады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының Достық үйінде Еріктілер жылының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналды. Шараға өңірдің түрлі қалалары мен аудандарынан келген барлық еріктілер қозғалысының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев Еріктілер жылында қандай акциялар жоспарланғаны туралы айтып өтті.

«2020 жылы бірнеше жоба жүзеге асырылады. Олардың біріншісі – еріктілер үшін инфрақұрылым құру. Екіншісі – оларға әдіснамалық және заң консультацияларын ұйымдастыруға арналған алаңдар ұйымдастыру. Қарағандыда және облыстың барлық аудандарында еріктілерді қолдау орталықтары ашылады. Үшінші міндет – еріктілер қозғалысына барынша көп адамдарды жұмылдыру. Биылғы жылы Еріктілер жылы аясында жеті бағыт бойынша жұмыстар анықталды. Олардың бірі – «Асыл мұра». Біздің облыста 2700-ден астам тарихи ескерткіштер мен жәдігерлер бар. Біздің волонтерлеріміз оларды қайта құруға көмектесетін болады», - дейді Нұржан Жетпісбаев.

Оның айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 89 еріктілер қозғалысы жұмыс істейді. Оған 5000-нан астам адам қатысуда. Бұл көрсеткішті 20 000 адамға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Іс-шара аясында «ТЖ алдын алуда және олардың салдарын жоюдағы волонтерліктің рөлі» тақырыбында семинар өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еріктілерге алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт және су тасқыны кезінде әрекет ету туралы айтып берді. Сондай-ақ құтқарушылар көрме ұйымдастырып, онда өрт сөндірушілер мен сүңгуір костюмдері, арнайы жабдықтар көрсетілді.

«Мен еріктілердің мобильді отрядтарын құруды және оларды өрттерді, су тасқынын жоюға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде адамдарды іздеуге, алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйретуді ұсынамын. Егер бір нәрсе болса, кез келген адам шығып, штаб ұйымдастырып, жұмыс істей алады. Қарағанды облысының барлық волонтерлік ұйымдарының бұл кездесуі бізді біріктіруге және бірге жұмыс істеуге көмектеседі. Жобаларды, идеяларды ұсыну және талқылау және оларды жүзеге асыруға септігін тигізеді», - деді Саран қаласының Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі Евгений Хисметов.

Евгений өзінің еріктілер қозғалысын 1995 жылы құрған. Пікірлестермен бірге ол қолайсыз және аз қамтылған отбасыларының балаларына көмектеседі, қиын жасөспірімдермен, есірткіге тәуелді жастармен жұмыс істейді.

«Біз олардың бос уақытын пайдалы өткізуі үшін шаралар ұйымдастырамыз», - дейді Евгений.

Сондай-ақ бүгінгі іс-шара аясында «25 игі іс» акциясы басталды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орайластырылды. Еріктілер азаматтардың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетеді.

«Жалпы, Қарағанды облысында Ассамблея жанынан құрылған еріктілер қозғалысы бірнеше бағытта жұмыс істейтін болады. Біздің басты мақсатымыз – барлық еріктілерді біріктіру және бірге жұмыс істеу болып табылады. Бұл салада жақсы тәжірибеміз бар. Қарағандылықтар ЭКСПО-2017 және Универсиада-2017 сияқты халықаралық іс-шараларда жұмыс істеді. Біз зейнеткерлер мен балалар үйінен шыққан балаларға көмектесеміз. Қарағанды ҚХА еріктілер қозғалысына 200 адам қатысады. Олардың ең жасы 11 жаста, ал ең үлкені – 67-де», - дейді Қарағанды облысының ҚХА еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі Дамир Меңдібеков.