Қарағандылық кәсіпкерлер Жеңіс Қасымбекке өз проблемалары мен ұсыныстарын жеткізді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында супермаркеттер сөресіне «Қарағандыда жасалған» белгісі бар тауарлар оралады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жергілікті өндірушілерді қолдауға дайын екенін жеткізді.

Ол қарағандылық кәсіпкерлермен онлайн-форматта бірнеше кездесу өткізіп, көптеген ұсыныстар мен өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сауда және қоғамдық тамақтандыру салаларындағы кәсіпорындар басшылары түрлі мәселелер көтерді. Соның ішінде супермаркеттер сөрелерінде олардың өнімдерінің болуы, заңды тұлғалар үшін баға белгілеу және коммуналдық тарифтер бар.

Азық-түлік және аграрлық өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін бизнесмендер субсидиялау бағдарламасын ашық әрі қолжетімді етуді сұрады. АӨК-нің көптеген өкілі жайылымдық жерлердің тапшылығына шағымданды.

Қарағанды облысының жер қатынастары басшысы Дарын Бұлқайырдың айтуынша, қазір тиімсіз пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне алу мүмкін болып отыр.

«Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасы аясында Qolday бағдарламасы бойынша шамамен 7 млн 600 гектар учаскі пайдаланылмаған немесе ұтымсыз пайдаланылған жер ретінде мониторингіге қойылды.

Жайылымдар көлемін ұлғайтуға келетін болсақ, аудандар бұл жер учаскелерін резервте ұстайды және бірлесіп пайдаланады. Облыс бойынша жерді қайтарып алу Жол картасы бекітілді», – деп хабарлады Дарын Бұлқайыр.

Жергілікті мал өсірушілермен мәселе де өзекті. Шекаралардың жабылуы және бәсекелестік ортаның болмауы олардың көпшілігін банкроттыққа әкелуі мүмкін, деп шағымданды осы саланың өкілдері.

Өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпкерлері мемлекеттік сатып алулармен байланысты проблемалар және білікті кадрлардың жетіспеушілігі туралы айтып берді.

«Бізде колледждер, училищелер бар, онда біздің сала үшін студенттер грантта оқиды. Бірақ олар жеткіліксіз. Облыста 50-ге жуық компания бар, олардың әрқайсысына жұмыскер қажет. Фабрикамыздың Қарағандыдағы филиалы 250 жұмыс орнына арналған, ал іс жүзінде біз тек 15–20% ғана жұмыскер алдық. Колледждерге сапарлар, практикаға шақыру, меморандумдарға қол қою және стипендиялар төлеу тиісті нәтиже бермейді», – деді «Ютария ltd» ЖШС бас директоры Сәуле Шауенова.

Сондай-ақ кәсіпкерлер импорттық тауарларды жеткізушілерге және тендерлерді жиі жеңіп алатын басқа аймақтардан келген кәсіпкерлерге шағымданды.

Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне бизнесмендермен кездесіп, барлық мәселелерді пысықтауды тапсырды.

«Кәсіпкерлерге күрделі екі жылда қарағандылықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз еткендеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Егер қалалық және облыстық билік қандай да бір мәселелерді байқамаса, онда біз түзететін боламыз», – деп уәде берді аймақ басшысы.