2018 жылдың 7 ақпанында сағат 13:57-де Қарағандыдағы 12-ші шағынауданда орналасқан бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде 4-ші қабаттағы 3 бөлмелі пәтердің залы мен жатын бөлмесі жанып жатқан.
Көршілер түтіннің иісін сезіп, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Олар пәтерде балалардың болғанын біліп, өздігінен әрекет ете бастайды.
3-ші қабатта тұратын Тахир Закизьянов далаға кілем төсеген. Кейін өзінің балконы арқылы жанып жатқан пәтердің балконына шығып, балалар жылап жатқан терезеге жетеді. Қолына 2016 жылғы қызды алып, оны әйеліне берген. Тахир 2011 жылғы екі егіз ұлды жанып жатқан пәтерден терезе арқылы шығарған, бірақ жұбайы қорыққандықтан оларды ұстап қала алмаған. Сол кезде Тахир балаларды төселген кілемнің үстіне тастауға бел буған.
«Өзімнің өмірімді емес, балаларды ойладым. Балалар қатты қорқып, жылады. Оларды кезекпен төменге тастадым», - дейді Тахир.
Балалар зардап шекпеген, олар ыстан улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді, бірақ дәрігерлердің қарауынан кейін үйлеріне қайтарылды.
Өрт сөндірушілер кіреберістегі 15 тұрғынды эвакуациялаған, соның ішінде екі бала бар. 20 шаршы метр аумақты шарпыған жалын сағат 14:48-де сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға 33 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Өрттің шығуына балалардың отпен ойнауы себеп болған.
Қарағанды облыстық ТЖ департаменті өрт кезінде балаларды құтқарғаны үшін Тахир Закизьяновты марапаттау туралы ұсыныс жолдамақшы.