Қарағандылық полицей «Жас қыран» қоғамдық қорының марапатына ие болды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қарағандылық полицей Николай Редченко «Жас қыран» қоғамдық қорының марапатына ие болды, деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«Астанада «Жас қыран» қоғамдық қоры қаһарман-полицейлерге марапаттар үлестірді. Қарағандылық полицейлердің ішінде 1998 жылдың 20 қарашасында Қарағанды қаласындағы қант зауытына қарақшылық шабуыл жасаған аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға қатысқан қалалық ІІД-дегі уақытша ұстау абақтысының қызметкері, полицияның аға сержанты Николай Редченко «Қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алды», - делінеді хабарламада.

1999 жылы осындай операцияға қатысқаны үшін Н.Редченко мемлекеттік марапат - ІІІ дәрежедегі «Айбын» орденін алды, деп еске салды ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«Бандылар қашып құтылды. Бірақ олардың қолынан жол полициясының қызметкері Рустам Мәжитов қаза тапты. Қылмыскерлер тоғыз күннен кейін ұсталды. Шабуылшылар баруы мүмкін деген Қарағандыдағы пәтерлердің біріне тосқауыл қойылды. Полицейлерді байқаған қылмыскерлер оларға оқ ата бастады. Қарағанды ІІБ қылмыстық іздеу бөлімінің уәкілі, аға лейтенант Нұрлан Байғаскин оқтан қаза тапты. Оның серігі болған Н.Редченко жауап ретінде оқ ата бастады. Бандылардың бірі оқиға орнында мерт болды, екіншісі алған оқ жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Н.Редченконың өзі иығына тиген екі оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілді», - деп баяндады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.