Полиция бөлімінен шыққан соң гаражында атылып қалған Ардақ Жұмкешовтің ісі қоғамда үлкен талқылауға түскен болатын. Қарағандыдағы арнайы прокурорлар басқармасының прокуроры аталған іске байланысты бес полиция қызметкері Ардақ Жұмкешовты өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеген жоқ деген шешімге келді.
«Қылмыстық тәртіп бұзушылық құрамы болмағандықтан сотқа дейінгі тергеу тоқтатылсын», - деп жазылған Қарағанды облыстық прокуратурасының қаулысында.
Естеріңізге сала кетейік, көлікті ішіп алып басқарған жүргізушіні полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жүргізуші таксимен не болмаса қоғамдық көлікпен қайтудан бас тартып бірнеше рет жұдырығын да сілтеген. Бұдан кейін Ардақ Жұмкенов полиция бөлімшесіне жеткізіледі. Хаттама толтырылып, жүргізушінің ішімдік ішкені анықталған соң, оған ҚР ҚК 293 бабы «Бұзақылық» бойынша іс қозғалады. Жүргізуші үйіне қайтарылып, оның көлігі айып тұрағына қойылады. Бұдан соң жүргізуші 14 шағын аудандағы гаражына барып атылып қалған. Алайда, марқұмның анасы ұлында бұрын ешқандай қарудың болмағанын айтып отыр. Өзінің қоштасу хатында ол бәріне кінәлі өзін жолда тоқтатқан полицей мен оның жанындағы төрт әріптесі екендігін жазып кеткен.