Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей командасы «Challenge Yannick Bohn» халықаралық жарысына қатысады

ҚАРАҒАНДЫ. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей командасы Францияда өтетін «Challenge Yannick Bohn» атты 4-ші халықаралық жарысқа қатысады, деп хабарлады клубтан.

Жарыс франциялық Кольмар қаласында 30 тамыз бен 2 қыркүйек арасында өтеді. Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, оған франциялық Magnus лигасының (Францияның мықты лигасы) 4 командасы: Strasbourg, Amiens, Epinal және Mulhouse, немістің  Freiburg (Oberliga - Германияның үшінші лигасы) клубы, сондай-ақ Қазақстанның қарағандылық «Сарыарқа» командасы қатысады.

Жарыс талаптарына сәйкес командалар үш қатысушыдан екі топқа бөлініп, әрбір команда өз тобындағы басқа екі командамен бір-бір ойыннан өткізеді. Өз тобында бірінші орын алған командалар 2 қыркүйекте өтетін финалдағы жеңімпазды анықтайды.

Естеріңізге сала кетейік, қарағандылық «Сарыарқа» жаңа маусымда Ресейдің Жоғары хоккей лигасында сынға түседі.