Қарағандылық шенеунік пара алғаны үшін 6 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына қарасты Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Димаш Сүлейменов 1,5 млн теңге пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сотталушы Сүлейменов Димаш Жұмкенұлы ҚК 366 бабы 2 бөлігінде («пара алу») қарастырылған қылмысты жасауға кінәлі деп танылсын және қылмыстық жолмен қаражатқа сатып алынған сотталушының меншігіндегі мүлікті тәркілей отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді үкімді оқыған Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының судьясы Айгүл Мырзабекова.

Шенеунікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Қарағандыда 2017 жылғы 25 шілдеде ұстаған болатын. Ол «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалмаған жұмыстарға жасалған құжатқа қол қою үшін 1,5 миллион теңге мөлшерінде пара алды деген күдікпен тергелді.