Қарағандылық спортшы пауэрлифтингтен жаңа әлемдік рекорд орнатты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында пауэрлифтерлерге құрмет көрсетілді. Кездесудің басты кейіпкері Қараман Абдулкәрім болды. Қарағандылық спортшы екі рет әлем чемпионы атанып, жаңа әлемдік рекорд орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пауэрлифтинг бойынша Халықаралық біріншілік 18-25 мамыр аралығында Токио қаласында өтті. «Классикалық сығымдап көтеру» тәртібі бойынша 59 келі салмақ дәрежесінде алтын медальді жерлесіміз жеңіп алды. Сонымен қатар, сайыс барысында ол жаңа әлемдік рекорд орнатты - 175,5 келі. Жапониядағы біріншіліктің соңғы күні - 24 мамырда Қараман Абдулкәрім 217,5 келі нәтижесімен «жабдықсыз штанганы жатып көтеру» тәртібі бойынша бірінші орынды иеленді.

«Өткен жылы әлем чемпионатында екінші орын алдым. Осыдан кейін 2019 жылы алтын медаль алып, әлемдік біріншіліктің үш мәрте жеңімпазы атанам деп өзіме мақсат қойдым. Олимпиадалық емес спорт түрінде бұл жетістік еңбек сіңірген спорт шебері атағын алуға мүмкіндік береді. Өз арманымды жүзеге асырғаныма өте қуаныштымын», - деді рекордшы.

Қараман Абдулкәрім - облыстық кешенді спорт мектебінің түлегі, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Ол тек жарысқа қатысып қана қоймай, өз туған ауылында балаларды жаттықтырады. Әлем чемпионының басты тәлімгері - туған әкесі Дәрібай Оспанов. Ол - 70 жасында халықаралық жарыстарда ардагерлер арасында жүлделі орын алған мықты спортшы.